Новости | Столица | KZ

Экологиялық ынтымақтастық: Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада аймақтық саммитті ашты

2026-04-22 17:00 президент
Елордадағы EXPO алаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен тұңғыш Аймақтық экологиялық саммит (RES-2026) өз жұмысын бастады. Президенттің БҰҰ Бас Ассамблеясында ұсынған бастамасы аясында ұйымдастырылған бұл форум Орталық Азия мен Кавказ елдерінің лидерлерін климаттық сын-қатерлерге қарсы ортақ стратегия әзірлеу үшін бір арнаға тоғыстырды.
Жиынның ашылуында сөйлеген сөзінде Президент Қазақстан үшін экологиялық күн тәртібі тек климат мәселесі емес, бұл — аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың іргетасы екенін қадап айтты. Мемлекет басшысы серіктес елдерді құрғақ декларациялардан нақты мемлекетаралық міндеттемелерге көшуге шақырып, табиғи ресурстарды басқаруда «ынтымақтастық эко-логикасын» енгізуді ұсынды.
Мемлекет басшысы: «Табиғат геосаясатсыз тіршілік ете береді, ал геосаясаттың табиғатсыз күні қараң .Елдеріміз тұтас экожүйеде өмір сүреді. Өзен-көлдер де, табиғи ландшафттар да, климаттың қауіп-қатерлері де баршамызға ортақ. Ең бастысы, жауапкершілікті теңдей бөлісеміз.
Саммит аясында Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық өзара іс-қимылды нығайту үшін бірқатар нақты құралдарды ұсынды. Олардың қатарында ортақ инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге арналған Аймақтық экологиялық инвестициялық қор құру бастамасы бар. Сонымен қатар, Каспий теңізін сақтау, жерлердің тозуына қарсы күрес және жастарға арналған «Жасыл мектеп» білім беру платформасын іске қосу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Форум қорытындысы бойынша қатысушы елдер «Астана декларациясын» қабылдайды деп күтілуде. Бұл құжат су ресурстарын сақтау мен аймақтың 2030 жылға дейінгі тұрақты дамуының негізгі бағдары болмақ. Мемлекет басшысы Орталық Азия елдері тек күш біріктіру арқылы ғана жаһандық экологиялық қатерлерге тиімді төтеп бере алатынына сенім білдірді.