Статьи | KZ
«Бәрі де мүмкін!» – Балуан тас көтергендер ұраны
      <description>«Балуан тас сапары» экспедициясы Түркістаннан олжалы оралды. Зерттеу жетекшісі Абылайхан Қалназаров бізге берген сұхбатында «Қазақ күшінің картасына» енген жаңа жәдігерлер мен сапар қорытындысын баяндап берді.</description>
«Бәрі де мүмкін!» – Балуан тас көтергендер ұраны